Адам өмірі мен құнды мүліктерді өрттер мен түрл сипаттағы төтенше жағдайлардан, табиғи және техногенді апаттардан құтқару, қорғау үлкен батылдықты қажет етеді. Себебі өрт сөндіруші мамандығы әлем елдері бойынша ең қауіпті мамандықтардың қатарына жататыны белгілі. Ал аталған мамандықта қызмет атқарып жүрген жандарды бейбіт күннің батырлары десек қателеспейміз. Бұл мамандыққа жастардың қызығушылығы қандай, олар қызыл жалынмен арпалысып, адам өмірін құтқарғысы келе ме?
Мектеп оқушыларының азаматтық қорғау саласына, өрт сөндіруші мамандығына қызығушылығын артыру мақсатында Шымкент қаласындағы бірнеше мектеп оқушыларының қатысуымен №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күні өтті.
Іс-шара барысында №69 мектептің оқушылары құтқарушы мамандығымен танысып, өрт сөндіру техникасы мен арнайы құралдарды көрді, қауіпсіздік ережелері туралы мағлұмат алды.
Дәл осындай шара № 7 өрт сөндіру бөлімінде де ұйымдастырылды. Ерекше жиын барысында балалар құтқарушы мамандығының қыр-сырымен танысып, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы мәлімет алды. Сонымен қатар өрт сөндіру техникасы мен арнайы жабдықтарды көріп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Мұндай шаралар балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етеді. «Бүгінші шараға мектеп оқушыларынан бөлек Шымкент қаласында орналасқан «Жас құтқарушылар» колледжінің оқушыларын да шақырып, мамандандырылған өрт сөндіру бөліміндегі қазіргі заманауи техникаларымызды таныстырдық. Олар біздің артымыздан еріп келе жатқан болашақ құтқарушы мамандарымыз. Сондықтан жас ұрпақ пен аға буынның арасында байланыс болу керек. Шара барысында қатысушыларға өрт сөндірушілердің бір күндік жұмыс күнін, күн тәртібін көрсеттік. Бұл мамандыққа жастарды қызықтыру керекпіз»,- дейді Кадр және тәрбие жұмысы басқармасы кәсіби қызметтік және дене шынықтыру дайындығы тобының аға инспекторы Нұржігіт Мыңбол.
Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер өздерінің күш-жігерлерін, тіпті өмірлерін аямай, күн сайын адамдардың игілігі үшін еңбек етуде. Кейде біз олардың күн сайын бетпе-бет келетін қиындықтарын, жан алысып, жан берісетін сәттерін, сол минуттардағы ерліктерін, ержүректіктерін еске алып, құрмет көрсетуге тиіспіз. Бұл, біріншіден, біздің парызымыз болса, екіншіден ұрпаққа үлгі-өнеге.