
Қалалық ортаның көркемдік келбеті мен тұрғындардың жайлы демалысын қамтамасыз етуде субұрқақтар маңызды рөл атқарады. Шымкент қаласында соңғы жылдары субұрқақтар желісі белсенді дамып, олар қоғамдық кеңістіктің тартымды элементіне айналды. Үшінші мегаполисте қоғамдық ғимараттар мен саябақтарда 80-ге жуық субұрқақ бар. Көптеген субұрқақтар жарық динамикалық жүйемен, музыкамен және LED жарықтандырумен жарақталған, олар кешкі уақытта ерекше көрсетілімдер ұсынады.
Таяуда Шымқала тағы бір ерекше субұрқақпен толықты. «Көл» қоғамдық орнының аумағында заманауи музыкалы-лазерлі субұрқақ салтанатты түрде ашылды. Қарқынды дамудың символындай болған жаңа нысан қаланың көркін одан әрі аша түсті. Бұл – Шымкенттегі лазерлік, жарық және отты шоуды біріктірген алғашқы кешенді құрылым. Субұрқақтағы жарық, әуен мен отты көріністі үйлестіретін заманауи жүйе кешкі және түнгі мезгілде ерекше әсер қалдырады.
Инновациялық технологиялар орнатылған субұрқақ қалыпты ырғақтағы музыкалық композицияларды да, лазер сәулелі жарқын, динамикалық шоуларды да орындай алады. Техникалық элементтердің барлығы тапсырыспен шетелде әзірленген. Монтаждау барысында энергия үнемдейтін шешімдер мен заманауи автоматтандырылған басқару жүйелері қолданылды. Нәтижесінде субұрқақтың жұмысы оңтайланып, күтіп-ұстау шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Субұрқақтар маусымы ресми түрде аяқталғанымен, қала тұрғындары мен қонақтары бірегей қойылымды тамашалауы үшін нысан алдағы жылы күндері жұмыс істейді. Одан кейін қысқы сақтауға қойылып, келесі көктемде қайта ашылады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, заманауи субұрқақтың ашылуы – техникалық жетістік қана емес, қаланың жайлы ортасы мен көрікті қоғамдық орындарды дамытудағы маңызды қадам. «Біздің мақсатымыз – Шымкенттегі әр ауданда заманауи серуендеу және демалыс орындарын құру. Мұндай нысандар қала тұрғындары жиналатын әсем орындарға айналып, шаһардың көркін аша түседі әрі мерекелік көңіл-күй қалыптастырады», – деп атап өтті әкім.
«Көл» демалыс аймағындағы субұрқақтың ашылуы қаладағы демалыс инфрақұрылымын дамыту мен жайлы ортаның сапасын арттыруға бағытталған кешенді абаттандыру жұмыстарының кезекті кезеңі болып отыр. Әсемдік, технология және қолайлылықты үйлестірген жаңа кешен бүгіннің өзінде Шымкент тұрғындары мен қала қонақтарының зор қызығушылығын тудырды. Ал алдағы уақытта мегаполистің көрікті орындарының біріне айналары сөзсіз.
Айта кету керек, субұрқақтар тек су шығарумен шектелмейді. Олар: қала келбетін көркемдеп, эстетикалық тартымдылық береді; тұрғындар мен қала қонақтарының демалыс орындарына айналады; жазғы уақытта қала ауасын салқындатуға және жағымды климат қалыптастыруға ықпал етеді; қоғамдық орындарды мәдени және туристік бағытқа бейімдейді.
Субұрқақтар тек демалыс орны ғана емес, қаланың экологиялық ахуалы мен қоғамдық кеңістіктерін жақсарту құралына айналды. Олар: қаладағы ауа температурасын төмендетуге үлес қосады; ауаны ылғалдандырады, шаң-тозаңды азайтады; адамдардың табиғатпен байланысын арттырады; туризм мен мәдениет саласын дамытуға ықпал етеді.
Қала әкімдігі субұрқақтарды жаңарту, жаңаларын орнату және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
