
Мемлекеттік қызмет – жоғары жауапкершілік пен халыққа адал қызмет етуді талап ететін құрметті міндет. Күнделікті атқарылатын жоспарлар, құжаттар, қоғамдық мәселелерді шешу, азаматтардың өтініштерін қабылдау – мұның барлығы мемлекеттік қызметшінің еңбегін жүйелі, нақты әрі үздіксіз болуын қажет етеді.
Халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білген мемлекеттік қызметкерлер мемлекет саясатын іске асырып қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосады. Олар үшін басты құндылық – әділдік, адалдық және кәсіби біліктілік.
Ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген әрбір мемлекеттік қызметші – еңбек адамының жарқын бейнесі. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, халықтың сенімін ақтау – олардың негізгі парызы. Күнделікті тынымсыз еңбегі арқылы олар қоғамның тұрақтылығы мен дамуына ықпал етіп келеді.
Мемлекеттік қызмет – қоғамның тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын арттыруға тікелей ықпал ететін маңызды сала. Оқушыларға мемлекеттік қызметшілердің атқаратын міндеттері мен жұмыс ерекшеліктерін таныстыру – олардың болашақ мамандықты саналы таңдауға көмектесетін тиімді тәсіл.
Осы орайда Шымкент қаласындағы “Білім-инновация” ер балаларға арналған №1 лицей-интернатының 8 “C” - сынып оқушылары Қаратау ауданы әкімдігіне ерекше танысу сапарымен барып қайтты.
Алдымен балалар жаңа әкімдік ғимаратын аралап, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы қалай жүретінін өз көздерімен көрді. Әр бөлімге кіріп, мамандарға қызықтырған сұрақтарын қойып, бір күндік әкімдік жұмысының атмосферасын сезінді.
Кездесудің екінші бөлігінде оқушылар ауданның дамуы, алдағы жоспарлар туралы еркін әңгімелесті. Аға буынның кеңестері – білімді тоқтатпау, мамандықты жүрекпен таңдау, жауапкершілікті бірінші орынға қою – балалар үшін жақсы мотивация болды.
«Алғыр да белсенді балалар қоғамдық көлік, балалар ойын алаңдарын жаңарту сияқты өзекті мәселелерді ашық айтып, ұсыныстарын жеткізді. Жылы әрі мазмұнды диалог өрбіді»,- дейді қаласы Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев.
.Мұндай таныстырылымдар барысында оқушылар мемлекеттік қызметтің құрылымы мен бағыттары туралы ақпарат алып, мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысымен, жауапкершілігімен және маңызды міндеттерімен танысты. Сондай-ақ азаматтармен жұмыс, құжат рәсімдеу, қоғамдық мәселелерді шешуге қатысу сынды практикалық процестерді көріп, өз құқықтары мен мемлекеттік басқарудың қалай жұмыс істейтінін түсінді.
Бұл шаралар жасөспірімдерге адалдық, әділдік, жауапкершілік секілді құндылықтарды дәріптеп, өз еліне қызмет етуге деген ынтасын оятты. Мемлекеттік қызметшілермен тікелей кездесулер, оқу орындарындағы ашық есік күндері, тәжірибелік сабақтар оқушылардың қызығушылығын арттырып, осы мамандыққа деген көзқарасын қалыптастыруға үлкен әсер етеді.
Соңында әр балаға Абай Құнанбаевтың “Қара сөздері” кітабы сыйлық ретінде табысталды.
Оқушылар үшін өте жақсы тәжірибе болды. Осындай мүмкіндікті ұсынғаны үшін білім ошағының ұстаздары мен оқушылары Қаратау ауданы әкімдігіне үлкен алғыстарын білдірді.
Мемлекеттік қызмет – ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік беретін мәртебелі мамандық. Оқушыларға оның маңызын ерте түсіндіру – болашақта жауапты, білімді және елжанды кадрлар даярлаудың үздік жолы.
