Шымкентте де "Африка" бар

03.jpg

Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағында Африка аймағы ашылды. Бірегей жобаны тамашалауға келген тұрғындар мен балалардың  қарасы көп болды. Балақайлардың қуанышына ортақтасқан қала әкімі Нұрлан Сауранбаев өз сөзінде игі жұмыстардың барлығы балалар үшін жасалынып жатқанын тілге тиек етті. «Қаламыздың сүйікті демалыс орнына айналған зообақтағы жаңа аймақтың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Шымкенттегі зообақ – республикадағы ірі хайуанаттар бағының бірі. Зообақ жыл сайын жаңарып, ондағы аң-құстардың саны артып келетіндіктен, біз онымен мақтана аламыз»,- деді қала әкімі.

      Құрылысы осыдан төрт жыл бұрын басталған Африка аймағы 8 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Mabey Trade Ltd» ЖШС жүргізген.  Бұл жақта кеміргіштер, сирақты құстар, жыртқыш мысықтар мен бауырымен жорғалағыштар - африкалық саваннада мекендейтін жануарлар үшін 8 тұрақ салынған. Вольерге жақын жерге сусиыр орналасқан.  Аймақ жануарлар үшін ыңғайлы, табиғатқа мейлінше жақындастырылып жасалған. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 1 миллиард теңге жұмсалған. Африка аймағы еліміз тұрмақ, ТМД елдерінің бірде-бірінде жоқ жоба екенін айтады зообақ директоры Нұрғазы Бұхарбаев.

     Шымкент зообағы аумағы бойынша еліміздегі ең үлкен бақ болып саналады, оның көлемі - 30,08 гектар. Басшылықтың айтуынша, бес жылдан кейін ол жануарлар құрамы мен жағдайы жағынан еліміздегі ең үздік зообаққа айналады. Бүгінде хайуанаттар бағының іші көгалданып, ішкі жолдар мен аяқжолдар бойына зообақ логотипі бейнеленген орындықтар мен орталық ішкі жолындағы гүлзарда жағалай аң мүсіндері орнатылған. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жан-жануарларды сақтап, оларды көбейту мақсатында құрылған зообақта бүгінгі таңда 249 түрлі 2478 бас жан-жануар бар.

    Салтанатты шара барысында зообақ басшылығы Астананың 20 жылдық мерейтойына Шымкенттегі хайуанаттар бағында өсіп-жетілген 20 түрлі аң-құстарды Астананың  зообағына тарту етті. Олардың қатарында архар-мулон, еуропалық кербұғы, теңбіл бұғы, кермарал, ергежейлі қой, қос өркешті түйе, пржеваль жылқысы, кезқұйрық, тілеміш, кәдімгі тауыс құсы бар.   


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Жеті жарғы» Мәртөебедегі мәслихатта қабылданды
  • «Мамыр өте Мәртөбеге кел!»
  • Шымкент инвесторлар үшін тартымды қала
  • Үшінші мегаполисте тауар қоры жеткілікті
  • Шымкентте заманауи өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер