Шекарасы кеңейген Шымкенттің шалғайдағы шағынаудан тұрғындары орталыққа келуге қиналатын. Себебі қоғамдық көлік тапшы еді. Бұл мәселе әрдайым қала басшылығының назарында болып, өткен жылы әлеуметтік маңызы жалпы 10 бағыт бойынша автобустар шалғайдағы шағынаудандарға алғаш рет жолға шыққан болатын. Атап өтсек, 55, 141, 142, 143, 144, 146, 147, 148, 149 және 150 бағыттары күнделікті қала тұрғындарын тасымалдауда.
Қоғамдық көлік мәселдесін түбегейлі шешу үшін «SHYMKENT» ӘКК» АҚ биыл да 1000 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Жоба бойынша 300 автобус маусым-шілде айларында, қалған 700 автобус жылдың соңына дейін сатып алынбақ. Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев айтып өтті.
Салалық басқарма басшысының мәліметінше енді жолаушылар жолақыны электронды түрде төлейтін болады. «Электронды төлем жүйесін ендіру бойынша корпорация әлеуетті инвестор «Оңай» ЖШС-мен бірге жұмыстар істелуде. Электронды төлем жүйесін 2019 жылы бастап, 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында ендіру жоспарланып отыр, - деді басқарма басшысы.
Қаладағы қоғамдық көлікпен қатар көшелердің сапасы да қатаң қолға алынған. Бүгінде шаһарда 33 шақырымды құрайтын 11 магистралды көшеде құрылыс, қайта құру және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бір жерүсті өткелінің және 5 көпірдің құрылысы және қайта құру жұмыстары атқарылуда.