«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында елімізде мемлекеттік қызмет алудың аясы кеңейіп келеді. Әсіресе телеграмдағы EgovKzBot қызметінің ашылуы азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, уақытын үнемдеуде. Мамыр айында мемлекеттік қызметтер ұсынатын телеграмдағы EgovKzBot ашылғанына 1 жыл толды. Осы уақыт ішінде оны 17 мыңнан астам шымкенттік пайдаланып, 47 мыңнан астам қызмет алды.
Бір жыл бұрын тelegram-боттың көмегімен тек төрт танымал қызмет түрін, атап айтқанда мекенжай, жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысы, сотталмағаны және жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы сияқты анықтамаларды алуға болатын еді. Бүгінде боттағы қызметтер мен сервистер саны 25-ке жетті. Оны қолданушылар жақын жердегі ХҚО-да кезек алып, өзін борышкерлер тізімінен тексеріп, наркологиялық, психоневрологиялық, туберкулезге қарсы диспансерлер есебінде тұрмауы жөніндегі анықтамаларды алып, дәрігер қабылдауына онлайн жазыла алады. Бот арқылы анықтамаларды бір минуттың ішінде алып, керекті электронды поштаға жолдауға болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі Алтынай Татаеваның айтуынша, миллион тұрғыны бар қала халқы үшін анықтамаларды ХҚО-ға бармай-ақ алу өте қолайлы.
EgovKzBot Telegram-ботының тұрақты пайдаланушысы болу үшін азаматтар тек бір рет мобильдік азаматтар базасында тіркелуі қажет. Мұны egov.kz электронды үкімет порталының жеке кабинетінде немесе кез келген ХҚО-да жасауға болады.