Шымкентте жас медицина мамандарды уақытша баспанамен қамту үшін екі үлкен пәтер типтес жатақхана салынатын болады. Жыл соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 100 санитарлық автокөлік сатып алынып, бірыңғай қалалық колл-орталық жұмыс істеуге көшеді. Сол санитарлық көліктермен толықтырылғанда жедел жәрдем көлігі сырқаттың шақыртуына он минутта жететіндей жағдай орнамақ. Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов медицина қызметкерлері күні қарсаңында алықтар достығы үйінде өткен марапаттау кешінде мәлім етті.
Салтанатты жиында қала әкімі 9 маманға пәтер кілтін табыстады. Сондай-ақ, қаладағы медициналық ұйымдағы 30-дан аса қызметкер денсаулық сақтау министрінің марапатына ие болды. Қала басшысы дәрігерлердің біліктілігін көтеру де жоспардағы мәселе екенін атап өтіп, 11 дәрігерді жергілікті, республикалық және халықаралық оқу-тәжірибелік біліктілікті арттыру орталығына жіберетінін жеткізді.
Мерейлі мерекеде Балалар көркем сурет мектебінің оқушылары келген қонақтарға өз туындыларын көрсетсе, медицинаға қажетті құрылғыларды шығаратын бірқатар компаниялар өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды. Іс-шарадан соң дәрігерлер атақты шипагер Өтеубойдақ Тілеуқабылұлының ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Айта кетейік, қазір қаладағы мемлекеттік 36, жекеменшік 69 медициналық ұйымда 12 мыңнан астам қызметкер халыққа қызмет көрсетеді.