Шымкент қаласының үшінші мегаполис статусын иемденгеніне 1 жыл толды. Атаулы датаға орай «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы да квест саяхат жасап, өзіндік үлесін қосты. Яғни, Шымкенттің көрікті жерлерімен жете танысу, қаланың тарихына үңілу, өлкетану жұмысын жандандыру, жаңа салынған сәулет ескерткіштерін аралау мақсатында осындай танымдық қызықты іс-шара ұйымдастырды. Бәйдібек би ескерткішінен басталып, Тәуелсіздік саябағына дейін жалғасқан квест саяхаттың әр аялдамасында жастар Шымкент туралы викториналық сұрақтарға жауап берді. Соңында жазушы, «Бәйдібек-Сыланды» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Еркінбек Тұрысов Бәйдібек би ескерткішінің тарихи маңызы мен биіктігі жөнінен де Евразия бойынша алдыңғы орында екенін айта келе, Бәйдібек Қарашаұлының ұлтымыздың аумақтық, этникалық тұтастығын сақтап, қалыптастыру үшін күш салғанын жастарға жеткізе білді. Осыдан кейін ересектерге ерген жастар Бәйдібек бидің еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Шымкентке арнайы гастрольдік сапармен келген «Астана балет» театрының ұжымы қала тұрғындарына тарту жасап, «Love Fear Loss», «A fuego lento» атты бір актілі балет биі мен «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасын ұсынды. Әсерлі қойылым балетмейстерлер Айгүл Тати мен Мукарам Авахридің туындысы. Өзіндік өзгешелігі бар балет өнерінде неоклассика мен заманауи және ұлттық хореографияның үздік үлгілері үйлестірілгендіктен көрерменнің қызығушылығын оятты. Балет биінің бұл қойылымы Ұлы даланың кеңістігінде орын алған ғаламат оқиғаларды баян етуімен ерекшеленді. Әсіресе, жаңа стильдегі костюмдері көздің жауын алады.
Осылайша мәдени саланың қызметкерлері қала күнін ерекше атап өтті.