Шымкент қаласында былтыр Тұңғыш президент күніне орай «періштелер бағы» ашылған болатын. «Арбат» атауын алған демалыс орны еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін серуендеп, сейіл құратын ерекше орталықтардың біріне айналды. Өткен жылы ғана қолданысқа берілген қыдыру бекеті маңызы жоғары туристік орындардың қатарына қосылуға дайын. Себебі, кешкілік серуен барысында «Арбат» маңынан шетелден келген туристерді де кезіктіріп жатасыз.
Орталықтың ажарын шырағдандармен нұрын шашып тұрған 12 періштенің бейнесі ерекшелендіріп тұр. Осы бір ерекше сәулет құрылысына келген қонақтар мен демалыс алаңының сұлулығын тамашалаушылар ерекше таңданыстарын білдіреді. Кешкілік мұнда келушілер көп. Жастар серуен құрып, Арбат көшелерінде ән айтып, қызыққа толы қойылымдарын қояды.
Мұндағы ерекше таңданыс тудыратын тағы бір көрініс «Төңкерілген үй» сәулетті ғимараты. Мұндай мұражай атанған үйлер қазірде Қытай, Ресей, Германия және Австрия елдерінде бар. Ал, төңкерілген үй - туындылары туристерді қызықтырудың тамаша тәсілі ретінде алынған.
Бүгінде қаланың көркіне айналған «Арбат» үшінші мегаполистегі маңызды орындардың бірі. Көрікті мекен қала орталығындағы Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі бөлігін алып жатыр. Су бұрқақтары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы 12 періште сәулеттік мүсінімен ерекшеленген. 200-ге жуық сәндік ағаш егіліп, бір бөлігі көгалдандырылған. Арбаттың ортасында граниттен Қазақстанның атлас-картасы жасалған. Жалпы ұзындығы 430 метр аймақта көлік қатынасына шектеу қойылып, екі қапталдан велосипедпен серуендеу үшін арнайы веложолақ салынған. Ал, Арбаттың екі жағындағы үйлердің қасбеттері көріктендірілді. Бастапқыда періштелер мен қолшатыр бейнесіндегі шамдармен құрастырылып ашылған аймақтың сұлулығы арта түскен. Париж «Эйфель» мұнарасымен, «Монмартр» демалыс орнымен, Алматы «Көктөбесімен» ерекшеленсе, Үшінші мегаполис періштелер мекені Арбаттың көз тартар сұлулығымен мақтана алады.