Шымкенттің медицина мамандары Нұр-Сұлтан қаласында кезекті жедел медициналық көмек бригадаларының және қабылдау бөлімшелері командаларының IV республикалық жарысқа қатысып, үздік атанды.
Елордада ұйымдастырылған бүкілқазақстандық жедел медициналық жәрдем бригадалары арасындағы сайысқа 17 команда қатысқан болатын. Кәсіби шеберліктері, білімі мен біліктіліктері қатар сынға түскен сайыста сапалы дәрігерлік көмек көрсету және оперативті әрекет етуде алдына жан салмаған Шымкент қаласының жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының бригадасы үздік атанды.
Шымкенттік мамандар сайыста түрлі жарақаттар, анафилактикалық шок, ЭКГ оқу, босану, жедел коронарлы синдром клиникалық өлім жағдайы бойынша 5 станциялық сыннан сүрінбей өтіп, жедел медициналық қызмет көрсетуде үздік екендерін көрсете білді. Жалпы сайыстың қорытындысы бойынша қаланың жедел жәрдем бригадасы екінші орынға ие болды.
Астанада өткен жарыста қалалық жедел жәрдем бригадасының құрамында дәрігер Мақсат Малыбаев, фельдшерлер Бауыржан Уринбаев, Медетбек Салтанат сынды білікті медицина мамандары мықтылығын мойындатып қана қоймай, Шымкенттің абыройын да асқақтатты.