Шымкент қаласында халықтың жұмыспен қамтылуына проактивті көмектесу мақсатында «Атамекен» қолдау орталығы жұмыспен қамтудың мобильді орталығы іске қосылды. Орталықтың тұсаукесер рәсіміне қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қатысты.
– Президенттің «халықпен кері байланыста болу» тапсырмасына орай мемлекеттік бағдарламаларды халыққа ашық форматта түсіндіру, жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға үйрету, халыққа қолжетімді ақпарат ұсыну мақсатында қала әкімдігі «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасымен бірге іс-шаралар жоспарын бекітті. Қаламыздағы 4 аудан әкімдігінде және Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да мобильді орталық жұмыс істейтін болады, – деді Г.Құрманбекова.
Тағы 9 осындай мобильді орталық блок-модульді павильондарда, халық жаппай жиналатын жерлерде – базарлар мен вокзалдар маңы, халық тығыз орналасқан аудандар, шеткі аудандар мен көшелерде ашылады.
– Біздің басты мақсатымыз – Тұрғындарға бір көзден жан-жақты ақпарат беру, жұмыссыз жүрген азаматтардың дәрежесін анықтау. Бүгінгі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен базалар интеграциясын жасап жатырмыз. Қай ауданда қанша адам жұмысқа мұқтаж, қай кәсіпорынға жұмысшы тапшы деген сияқты қаламыздың әлеуметтік картасын жасап, нақтылаймыз. Егер кәсіпкерлікке бейімділігі бар болса, онда ол азаматқа мүмкіндік көп. Қала бойынша 2000-ға жуық қысқа мерзімдік оқытудан өтті. Микроқаржы ұйымынан 450 мың теңге, республикалық бюджеттен 4500 грант бөлініп отыр. Әлеуметтік қиын жағдайда жүрген азаматтардың бәрін оқытып, жұмыспен қамтымақпыз, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабіштаев.