Шымкентте ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау және дамыту мақсатында бірегей қолөнер орталығы ашылады. Бұл орталықта жергілікті шеберлер мен мен алматылық «Qazaq Oner» ұлттық қолөнер орталығының мүшелері бірігіп, ұлттық өнерді дамытып, ел туризміне жан бітірмекші. Бұл туралы еліміздің мегаполисінде өткен қолөнершілер кеңесінде айтылды.
Шымкент қалалық әкімдігі Туризм басқармасы арқылы жергілікті қолөнер шеберлеріне барынша жағдай жасауда.
– Қала әкімінің Ғабидолла Әбдірахымовтың қолдауымен басқарма туризмнің стратегиялық рөлін жақсарту, Шымкент қаласында қолөнершілер мен кәдесый бұйымдарын жасайтын азаматтардың бизнесін дамыту, одан әрі ілгерілету және Алматы қаласының тәжірибесі негізінде қолөнершілерді біріктіретін шеберхана ашуды мақсат етіп отыр, – дейді басқарма басшысы Тұрар Ахметов.
Кездесуде кәсіби мамандар кәсіпкерлер мен қолөнершілерге өз ісін ашып, дөңгелетіп алып кету үшін қажетті іс-шараларды, түрлі жеңілдіктерді түсіндіріп, ұсынды. «1С-Битрикс Қазақстан» қамқоршылық бөлімінің жетекшісі Мөлдір Оспанова қолөнерді әлемдік деңгейде дамытып, интернет-сауданы жандандыру мақсатында интернет-дүкен ашу қажеттігін айтады. Интернет сауданың тиімді тұстарын «Қазпошта» АҚ e-commerce менеджері Ерлан Нұрғожаев та түсіндіріп, кәсіпкерлерді жаңашыл болуға шақырды.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да отандық қолөнершілерді қолдауға дайын. Палата менеджер-кеңесшісі Майра Балсүгірованың айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Субсидиялау және кепілдеме негізінде екінші деңгейлі банктер 14%-бен несие береді. «Бастау» бағдарламасы бойынша 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер 3 апта оқытылып, «Кәсіпкерлік негіздерін бітірді» деген сертификат беріледі. Көп балалы, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер және жас кәсіпкерлерге 505 мың теңгеге дейін қайтарымсыз несие беріледі.