Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Асар-2» шағынауданына барып, шаһардағы инженерлік инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша атқарылып жатқан құрылыс жұмыстармен танысты. Шаһар басшысы аталған шағынауданда салынып жатқан жол құрылысы мен электр жарығымен қамту жұмыстарының барысын көріп, тұрғындармен кездесті.
Қала әкіміне жауапты мамандар шағынауданды көркейту бойынша нақты атқарылған істер мен алдағы жоспарларды баяндады. Бүгінде 11 мың адам тұратын шағынауданды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ал ауыз су, табиғи газ және кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Одан бөлек, осы шағынауданда жалпы ұзындығы 47 шақырымды құрайтын асфальтталған жол құрылысы жобаланған. Оның 4,9 шақырымы N8 көшеден бастап А-2 автожолына дейінгі құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталады, ал қалғаны 2021 жылға дейін толығымен салынады.
Тұрғындармен кездесуде белгілі болғандай, биыл күзде жол құрылысы аяқталған соң шағынауданға қоғамдық көліктер де жүре бастамақ. Сонымен қатар, шағынауданды табиғи газбен жабдықтауға жобалау жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы жобалау жұмыстарын, 2021 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жобаға сәйкес 2765 тұрғын үй табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
Фото: Б.Сейітжаппар.