Биыл жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі үшінші мегаполистің барлық білім ұяларында «Мектеп медиациясы» жобасы аясында татуласу алаңдары жұмыс істейтін болады. Бұл туралы қалалық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің сарапшысы, кәсіби медиатор Дана Кенжеқұлова мәлімдеді.
Бүгінге дейін қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Шымкентте қоғамдық медиация институтын дамыту және жаңа әдістерді енгізу бойынша семинарлар өткізілді. Мегаполистің барлық аудандары мен шалғай елді мекендерін түгел қамтыған семинар жұмысына қоғамдық медиаторлар, аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, ардагерлер мен аналар кеңестерінің мүшелері, жалпы 250-ден астам адам қатысты. Семинар барысында дауларды сотқа жеткізбей медиация тәртібімен шешу, сот барысы, соттан кейінгі медиацияны жүргізу жайы және «Мектеп медиациясы» жобалары кеңінен түсіндірілді.
Кәсіби медиатордың айтуынша, медиациялық қызметтің тиімділігін одан әрі артыру үшін қоғамдық медиаторлардың біліктілігін жоғарылатудың маңызы зор. Осы мақсатта жыл басынан бері білім, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің, студенттер мен қоғамдық медиаторлар арасында 10-нан астам семинар-тренингтер ұйымдастырылған. Нәтижесінде қала тұрғындары дауды шешу үшін медиаторлардың көмегіне көбірек жүгінетін болған.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мектеп медиациясы» жобасы аясында Шымкенттегі 3 мектепте медиация кабинеті ашылса, жаңа оқу жылынан бастап мұндай татуласу алаңдары барлық білім ұяларында құрылады. Семинарларда біліктілігін шыңдаған қоғамдық медиаторлар алдағы уақытта білім саласындағы, әсіресе жасөспірімдер арасындағы өзара келіспеушілік, әлімжеттілік секілді келеңсіздіктердің алдын алу бағытында жұмыс істейді, – дейді Кенжеқұлова.