Дүлдүл ақындар Тәуелсіздікті жырлады

Screenshot_31.jpg

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу кезінде қарбалас пен ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін, әрбір іс-шара елге пайда әкелетін нақты қадамдармен байланысты болуы тиіс екенін, атап айтқанда  ұлттық мәдениетті ілгерілетуге, салт-дәстүрді жандандыруға бағытталуы тиіс  деген болатын. Осыған орай Шымкент қаласында Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жүрсіннің жүйріктері, Сәбиттің сәйгүліктері», «Наурыз, гүл көктем, жыл басы» республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасын белгілі ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді.

Аламан айтыс қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тікелей қолдауымен және қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бастамасымен ұйымдастырылып отыр.  Айтыстың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, барша ақындарға сәттілік тіледі. 

- Биылғы Наурыздың жөні бөлек. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Наурызда Шымкентте ұлттық құндылықтарымыз жан-жақты дәріптеліп жатыр. Наурыз Шымкенттен басталды. Енді жыл сайын бүкіл қазақстандықтар Ұлыстың ұлы күнін Шымшаһарға кеп тойласа деген бастама сәтті қолға алынды. Наурыз-айтыстың басты тақырыбы - Тәуелсіздік. Егемендіктің қуанышы мен жауапкершілігін ұмытуға болмас. 2020 Шымкентте 232 мыңға жуық сәби дүние есігін ашты. Бұл да бір Тәуелсіздіктің бізге берген бақыты, бағы деп білемін, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Айтысқа еліміздің әр өңірінен жалпы 15 ақын қатысты. Ал қазылар алқасының құрамында Асанәлі Әшімов, Әселхан Қалыбекова, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы, Бауыржан Халиолла, Маржан Есжанова, Кәрима Оралова сынды зиялы қауым өкілдері бар.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Нұр-Сұлтан қаласынан келген Еркебұлан Қайназаровқа берілді. Топтан оза шапқан ақынға 2 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал бірінші орынға лайық деп танылған батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлына 1 млн. теңге берілді. Әрқайсысы 500 мың теңгенің сертификатына ие болған Бекарыс Шойбеков және Айбек Қалиев екінші орынға табан тіреді. Алматы қаласының тумасы Шұғайып Сезімхан, шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен Қалижан Білдаш үшінші орынды иемденсе, оларға 300 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Қалған қатысушыларға арнайы жүлде, Мәделіқожа, Майлықожа, Құлыншақ, Көппай Омаров, Тәушан Әбуова, Орынбай Тайманов және Қаныбек Сарыбаев атындағы жүлделер берілді.

Айта кетейік, «Наурыз айтыс» Шымқалада 2004 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Жеті жарғы» Мәртөебедегі мәслихатта қабылданды
  • «Мамыр өте Мәртөбеге кел!»
  • Шымкент инвесторлар үшін тартымды қала
  • Үшінші мегаполисте тауар қоры жеткілікті
  • Шымкентте заманауи өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер