Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде егін шаруашылығына ерекше дем беруде. Соның бірі Қаратау ауданы, Бозарық тұрғын алабында орналасқан қызанақ, қияр өнімдерін өсірумен айналысатын, бүгінде қаланың ішкі нарығын қамтып отырған жылыжай кешендерінің бірі «Зәуре» ШҚ-ы.
Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайтын өнеркәсіптік жылыжай кешені өз жұмысын 2019 бастаған. Сол жылы өндірістік жылыжай кешенінің құрылысына «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсалған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан қолдау алған.
Қазіргі таңда жылына 900 тоннаға жуық көкөніс өнімдерін өндіре алатын кешенде 45 адам тұрақты жұмыс жасап, қала тұрғындарын сапалы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде.
Заманауи Түркиялық технологиялармен қамтылған жылыжай кешені тамшылатып суарудан бастап, жылу энергиясының автономды көздерімен, термоаккумулятор, жылыту және климаттық бақылау жүйесі, ауаны автоматты ылғалдандыру, жарық беру, көмір қышқыл газын өндіру, перделеу жүйелерімен автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайды.
Алдағы уақытта шаруашылық иесі жылыжай кешенінің аумағын кеңейтіп, көкөніс өнімдерін арттыруды және шаһар тұрғындарын сапалы әрі таза өнімдерін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.