Шымкент қаласында «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қарқынды жүзеге асырылуда. Қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша жалпы қалада биылғы жылға ауылшаруашылық саласында 16,3 млрд теңгені құрайтын 28 жоба іске асырылып, 1500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған.
Оның ішінде жылыжай кешенін салу, қарқынды бау, көкөністі қайта өңдейтін зауыт, құс фермаларының қуаттылығын арттыру, мал бордақылайтын орындар және сүт фермасы мен балық шаруашылығын дамыту көзделуде.
Толығырақ айтын болсақ: жалпы аумағы 18 гектарды құрайтын жылыжай кешені; 241 гектар босалқы жерлерге алма бауын егу бойынша үш жоба; қуаттылығы сағатына үш тоннаны құрайтын ірі жеміс – көкөніс қайта өңдеу кәсіпорны; балық шаруашылығын дамыту үшін екі ірі жоба; 1700 бас ірі қара мал бордақылайтын – 10 жоба; 250 басты 2 тауарлы сүт фермаларын іске қосу жоспарлануда.
Сонымен қатар қалада 2 бірдей агро-индустриалды аймақ іске қосылатын болады. Оның бірі «Тепличный рай» агро-индустриялды аймағы, екіншісі «Бозарық» агро-индустриялды аймағы.
Бұдан бөлек қаладағы ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту үшін биылғы жылға эпизоотияға қарсы іс-шараларға, оның ішінде 14 аса жұқпалы ауруларға қарсы 2 079 510 доза екпе егу жоспарланып отыр дейді сала мамандары. Сонымен бірге 29 ауруға қарсы 351 565 бас малдан қан сынамасы алынып, диагностикалық зерттеулер жүргізілмек. Онымен қоса 398 226 бас малды бүрку, тоғыту және 8 656 928 шаршы метр аумақты құрайтын қора-жайларды, буферлік аумақтарды, саябақтар мен гүлзарларды дезинфекциялау секілді энзоотияға қарсы шаралар жылына екі рет көктем-күз мезгілінде жасалатын болады.
Ал қала аумағында биылға 40 000 бас қаңғыбас ит-мысықтарды аулап жою жоспарланған.