Шымкент қаласында енді «Егемен Қазақстан» көшесі бар. Қаратау ауданы, Бозарық саяжайында еліміздің басты басылымына көше атауын беруге арналған салтанатты іс-шара өтті. Ұлт руханиятын ұлықтаған шымкенттіктердің бұл бастамасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындауының жарқын көрінісі болып отыр.
Шымкент қаласы мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен қаулысымен қаланың атауы жоқ 325 көшесіне қазақтың белгілі Оңтүстіктегі елді-мекендердің атаулары, жер-су атаулары, роман, эпос, халық әндері және танымал баспалардың атаулары берілді. Қаратау ауданы Бозарық саяжайындағы 65 көше «Анатілі», «Жасалаш», «Абай жолы», «Қамарсұлу», «Балхадиша», «Ақбілек» және тағы басқа атаулармен аталады.
«Осы көшенің тұрғынымын. Көшеміз енді аты затына сай болсын. Тұрғындар қуанып жатыр»,- дейді «Егемен Қазақстан» көшесінің тұрғыны Гүлфари Нарбаева.
Жиынға халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері, жазушы-журналист, Мархабат Байғұт, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі қатысты. Жүз жылдан астам тарихы бар, еліміздің бас басылымының құрметіне көше атауы берілуі ұлт руханиятында маңызы зор іс-шара дейді, аға буын өкілдері.