Шымкент қаласының Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов қала тұрғындарына онлайн форматта есеп берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Халыққа жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, «полицияның ашықтығын және халыққа жақын болуын, сонымен қатар полицияны сервистік модельге ауыстыруды» тапсырған. Осы мақсатта Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаевтың халыққа жақын полиция тапсырмасы бойынша «Ішкі істер органдарын жаңғырту туралы 2019-2021 жылдарға арналған «Жол картасын» бекітіп, учаскелік инспектор мәртебесін заңнама арқылы арттыруды қолға алынған.
Полицияның басты мақсаты – халықпен байланыс жасап, құқықбұзушылық, қылмыспен күрес және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен жетістіктерге қол жеткізу болып табылады.
Департамент бастығының айтуынша өткен жылы қала аумағында қылмысты алдын алу және болдырмау мақсатында, «Қауіпсіз квадрат», «Көрші назары», «Учаске», «Құқықтық тәртіп», «Пробация», «Өзіміздің полиция» және тағы басқа жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілген. Оның ішінде тұрғындардың сұрауымен криминогендік ахуалы нашар 8 мөлтек ауданындағы Айбергенов, Жангельдин және Республика көшелерінде арнайы іс-шаралар өткізілді. Оның нәтижесімен тәуліктік жалға берілетін пәтерлерге, тыныштықты бұзу жайттарына, үй аулаларында алкогольдік ішімдік ішкен тұлғаларға және жеңіл жүрісті қыздардың қызмет көрсетулеріне қатысты шаралар қолданылған. Атап айтқанда, Айбергенов, Жангельдин және Республика көшелері бойынша жалпы 340 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Олар: тыныштықты бұзғаны үшін 47, қоғамдық орынға мас халде келгені үшін 75, қоғамдық орында тиісу бойынша 71, қоқыс тастағаны үшін 85 және өзгеде баптар бойынша 62 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалға берілетін 525 пәтер анықталса, ол үйлерде тiркеусiз тұрып жатқан 382 тұлға анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұрын сотты болғандармен жұмыс жүргізіліп, күнделікті бақылауға алынған. Нәтижесінде, соттылығы бар тұлғалармен жасалған қылмыстар 17%-ға (473-тен 394-ке) төмендесе, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 30%-ға (5.262-ден 3.689-ға), көшелерде жасалған қылмыстар 24%-ға (2.722-ден 2.074-ке), мас халде жасалған қымыстар 6% (371-ден 350-ге), отбасы тұрмыстық қатынаста жасалған қылмыстар 27%-ға (38-ден 28-ге) азайған.