Қазақ - қашанда сөз өнерінен кейін қолөнерін қатты бағалаған халық. Темірге тіл, жаңқаға жан бітіре білетін шеберлердің шығармашылығын қадірлеген жұртымыз «Он саусағынан өнер тамған» деген теңеуді тегін айтпаған. Бүгінде атадан қалған асыл өнердің өрісін кеңейтіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі шымкенттік белгілі қолөнер шебері Берік Бейісбеков. Өнерлі азамат бүгін Шымкенттегі Ескі қалашық аумағында ашылған «Shymqala» этноауылында ер тоқым, былғарыдан түрлі бұйымдардың жасалу жолынан шеберлік сағатын өткізді.
Шеберлік сағатта Берік Болатбекұлы былғарыдан түрлі бұйымдарды дайындау әдістері, шығу тарихы, жасалу жолдары, ер-тоқым дайындаудың қыр-сырымен бөлісті. Қаламыздағы ЖОО студенттері, мектеп оқушылары шеберлік сағатқа белсенді қатысып, қолөнер бұйымдарына қызығушылық білдіріп, рухани азық алды.
Ұйымдастырушылар шарада жастарға көлөнер бұйымдары насихатталып, ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырды деген сенімде.
Айте кетейік, "Shymqala" этноауылда күнделікті мәдени іс-шаралар, қолөнер шеберлерінің көрмесі, қойылымдар өтеді. 21 мамыр күні сағат 15-00-де зергер, əшекей бұйымдардың шебері Желдібаев Əшірбек зергерлік бұйымдардың жасалу жолы, күмістердің қасиеттері мен түрлерін насихаттау мақсатында шеберлік сағатын өткізеді.
Аталған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Олай болуы орынды. Өйткені, өткеннен жеткен өнер тұрмысымызбен тығыз байланысты. Сондықтан, сан ғасырлық тарихы бар ұлттық кәсіптің көкжиегін кеңейтуге өңір ұсталары да өзіндік үлес қосуда, - дейді қазақи құндылықтарды құтайтуды көздеген ұйымдастырушылар.