Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Бадам-1» тұрғын алабының инфрақұрылым жүйелерінің жағдайымен танысып, сол аумақтың тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар кездесуде өткен жылы құрылысы аяқталған ауыз суды қосу мәселесін көтерді.
Жалпы Бадам-1 шағын ауданында 5 мыңға жуық тұрса, оның ішінде 100 отбасы жаңақұрылыс бөлігінде тұрады. Осы бөліктегі тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдың мамыр айында құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Ынтымақ Бес Арыс» жүргізген болатын. Ауыз су құрылысының пайдалануға берілгеніне алты айға жуық уақыт болса да, әлі күнге дейін суға қосу жұмыстары жүргізілмеген.
Қала әкімі туындаған мәселені шешу жолдарын қарастырып, тиісті сала басшысына нақты тапсырмаларды міндеттеді.
Ал, Бадам -2 жаңақұрылыс аумағын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында «Лидер Строй Проект» ЖШС тарапынан жүргізілген құрылыс жұмыстар аяқталып, қазіргі уақытта тұрғындарды суға қосу жұмыстары жүргізілуде. Суға қосу жұмыстары мамыр айының соңына дейін аяқталатын болады.
Айта кетейік, шаһарда «Өңірлерді дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мамандардың дерегінше өткен жылы қалада 22 елді мекенде су құбыры желілерінің және 5 магистралдық су құбырының құрылысы жүргізілген. Аталған жұмыстарға бюджеттен 10,097 млрд теңге бөлінген, оның ішінде республикалық бюджеттен — 1,256 млрд теңге, жергілікті бюджеттен — 4,183 млрд теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша — 4,659 млрд теңге. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 17 елді мекенде орамішілік жүйелердің және екі магистралдық су құбырының құрылысы аяқталды. 34 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қамту көрсеткіші 94,7%-дан 95,6%-ға дейін өсіп отыр.