Шымкентте үш күнге жалғасқан «Көрпе Fest» мегафестивалінде 300-ге жуық әйел тігін өнерін тегін үйренді. Қатысушылар этнодизайнер Ырза Тұрсынзадақызынан қолданбалы өнер бағытында кеңес алып, күрделі технологияларды меңгерді. «Бүгінгі жаһандану жағдайында ежелгі ұлттық қолөнерімізді қазіргі заман талаптарына сай қайта жаңғыртудың пайдалы тұстары мол. Мұндай іс-шаралар қыз-келіншектер арасындағы жұмыссыздық деңгейінің азаюына септігін тигізеді деген үміттеміз. Көрпе-жастықтар тігіп, оны дайын тауар түрінде сауда-саттыққа шығару арқылы табыс көздерін толықтыру мүмкіндігі туады, - деді жоба жетекшісі Ырза Тұрсынзада.
– Төл өнерді жаңғыртқан бұл іс-шараға Шымкенттен және аудан-ауылдардан үй шаруасындағы және көпбалалы аналар атсалысты. Бұл жетістік көңіл қуантады. Әрі қарай кәсіп ашып, істі жалғастыру керек, – деген қала әкімі Мұрат Әйтенов барлық аналар мен қыз-келіншектерді халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Фестивальде жұмыстары үздік деп танылған 46 әйелге тігін машинасы сыйға тартылды. 50 әйел арнайы сертификат иеленді. Ұлттық қолөнер мегафестиваліне қатысушылардың ең үлкені 74 жастағы алтын құрсақты ана Гүлжахан Сайпова болса, ең кенжесі 10 жастағы – Жәудір Бағдатқызы.