Шымкентте он саусағынан бал тамған ТМД қолөнер шеберлерінің туындыларын көпшілікке паш етуге үлкен мүмкіндік туып отыр. Бұл орайда 9-10 сәуір аралығында Шымкент қаласындағы этноауылда ТМД елдерінің «Жібек жолы» қолөнер шеберлерінің көрмесі өтеді. Еліміздің әр аймағынан және ТМД елдерінен келген 50-ге жуық қолөнер шеберлері көрме-жәрмеңкесінде кәдесыйға арналған заттар, зергерлік бұйымдар, ұлттық киім, сазды аспаптар, Шығыс миниатюрасы мен кілемдерін және өзге де қолөнер бұйымдарын көптің назарына ұсынады. Бұл күндері Жібек жолы бойында орналасқан халықтың өзіндік мәдениеті мен тұрмысының этнографиялық ерекшеліктері жөнінде шеберлік сабағы өткізіледі. Нәтижесінде ұлттық өнерімізді дәріптеліп, құндылықтарымыз таныстырылады.
Еске сала кетейік, 2017 жылы Сочи қаласында өткен ТМД елдері басшыларының саммитінде болашаққа ірі жоспарлар бекітілген болатын. Солардың бірі – ТМД құрамына кіретін 9 мемлекеттің мәдение астанасын таңдап, әр жыл сайын эстафета түрінде іс-шаралар жүргізу еді. Тізгінді алғаш болып Арменияның Горис қаласы қолға алса, 2019 жылы мәдениеттің жаршысы Беларусь Республикасының Брест қаласы болды. Осылайша, 2019 жылдың желтоқсан айында үшінші болып эстафетаны Шымкент қаласы қабылдап алған болатын.