Оңтүстік өңірден еншісін алып, үшінші мегаполис атанған Шымкент күн санап көркеюде. Үшінші мегаполистің «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атануы қаланың абаттана, ажарлана, экономикалық-әлеуметтік дами түсуіне, сондай-ақ туристердің көбеюіне септігін тигізері анық. Биыл еліміздің түкпір-түкпірі мен шет елдерден шамамен 250 000 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Демек, биыл шырайлы қаладан қонақ үзілмейтін берекелі де мерекелі жыл болғалы тұр. Себебі, мұнан өзге Әбу Насыр Әл-Фарабидің - 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының - 175 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар өтіп, ұлы тұлғалардың ұрпағына қалдырған мұралары ұлықталып жатыр. Сондай-ақ, Алтын Орданың - 750, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойлары мен Шымкент қаласының 2200 жылдығына форумдар, ғылыми-практикалық конференциялар және тағы басқа іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асуда.
Еске сала кетейік, 2017 жылы Сочи қаласында өткен ТМД елдері басшыларының саммитінде болашаққа ірі жоспарлар бекітілген болатын. Солардың бірі – ТМД құрамына кіретін 9 мемлекеттің мәдение астанасын таңдап, әр жыл сайын эстафета түрінде іс-шаралар жүргізу еді. Тізгінді алғаш болып Арменияның Горис қаласы қолға алса, 2019 жылы мәдениеттің жаршысы Беларусь Республикасының Брест қаласы болды. Осылайша, 2019 жылдың желтоқсан айында үшінші болып эстафетаны Шымкент қаласы қабылдап алған болатын. «Қазіргі таңда мерейтойға қызу дайындық үстіндеміз. Биылғы жыл қазақ халқының соның ішінде 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының мәдениетін, салт-дәстүрін, өнері мен ұлттық болмысын ТМД елдеріне паш етуге зор мүмкіндік туып отыр. Жасыл желекті Шымкент қаласының тұрғындары, барша жанашырлар болып атаулы мерейтойларды абыроймен атқарамыз деген зор сенімдемін. Тарих қойнауына айтулы күнмен енетін осынау жауапты жылды бірге атқаруға шақырамын»,- дейді Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев .