Қазіргі таңда үшінші мегаполис республика көлемінде туристердің келуі бойынша 8-ші орында тұр. Ал биыл бұл көрсеткіш жоғарылап, ТМД-ның мәдени астанасы Шымкентке келуші қонақтар едәуір көп болады деп күтілуде. Шырайлы қаладағы туристік нысандар мен іс-шараларды тамашалау үшін келетін қонақтарды күту, қолайлы жағдай жасау бойынша қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Мәдени астана» аясында және қалаға келетін өзге де қонақтарды Шымкент қаласының көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында Туризм басқармасы тарапынан жарнамалық-ақпараттық бүктемелер, карталар, сондай-ақ, «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» іс-шарасының серіктес тақтайшалары мен жабыстырмалары әзірленіп, қаладағы қонақүйлерде, әуежайда орналастырылса, арнайы дайындалған төсбелгілер қонақүйлерге таратылды. Және қосымша төсбелгілер «SCAT» әуекомпаниясының бортсеріктеріне ұсынылады. Қазақстандық және шетелдік азаматтарға Шымкент туралы кеңінен ақпарат тарату мақсатында «Instagram», «facebook» әлеуметтік желілерінде «visit_shymkent_kz» парақшасы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда Туризм басқармасы тарапынан Цитадель қамалының VR-ролигі әзірленуде, - дейді Шымкент қалалық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Қалқабаев.
Аталмыш ролик Цитадельдің бастапқы қалпын көрсетуге мүмкіндік береді екен. Оны қала тұрғындары мен туристер тарапы оң қабақ танытқан жағдайда осы және өзге де бағыттағы нысандар бойынша жұмыстар атқарылады.