Бүгін Шымкент қаласында студенттерге арналған қонақ үй типтегі жатақхананың ашылу салтанаты өтті. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салыған 7 қабатты "Студенттер үйінің" іші толығымен жиһаздалған.
Мұнда 2, 3 және 4 адамдық 160 жатын бөлме бар. Жатақхана 500 адамға арналған. Әр бөлме санитарлық тораппен (душ бөлмесі, дәретхана) қамтылған. Студенттерге ыңғайлы болу үшін кір жуатын машиналармен жабдықталған 14 бөлме ашылған. Бұдан бөлек 14 ас дайындайтын бөлме, 2 тренажер залы, демалыс және оқу бөлмелері бар. Студенттер, магистранттар мен докторанттарға арнап салынған жатақханада лифт жұмыс істейді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі де орнатылған. Еліміздің үшінші мегаполисінде жылдан жылға студент жастардың саны артып келе жатқандықтан жатақхана тапшылығын шешу – өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқтала кетіп: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек» деген болатын.
Ел Президентінің осы тапсырмасын орындау аясында Шымкент қаласында «Inter Press BK» ЖШС замануи жатақхананың құрылысын қолға алып, 10 айда бітірген. Белгілі кәсіпкер, меценат Батырбек Көшербайдың бастамасымен іске асқан бұл жоба студенттік жатақханалардың жарқын үлгісіне айналары сөзсіз. Заманауи стандарттарға сай ғимаратта Шымкенттегі іргелі оқу орны – Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ студенттері жайғасады. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген мәртебелі қонақтар жаңа жатақхананың заман талабына сай екенін атап өтіп, ризашылығын жеткізді.