
Шымкентте көп қабатты үйдің маңынан 21 жастағы қыздың денесі табылды. Бойжеткеннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктіге іздеу жарияланды, деп хабарлайды rgmedia.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні орын алған. Куәгерлердің айтуынша оның денесінде пышақ жарақаты болған. Ал күдікті оның танысы болуы мүмкін.
Аталған жайтқа байланысты Шымкент қалалық Полиция департаменті ресми мәлімдеме таратты. «Осы дерек бойынша кісі өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол марқұммен бұрын таныс болған. Қазіргі уақытта күдіктіні ұстау және оны қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген полиция таратқан ақпаратта.
Қазір күдіктіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеу барысы полицияның ерекше бақылауында.
