Осы аптада еншісі бөлінсе де, іргесі әлі ажырамаған Шымкент пен Түркістанда ауыс-түйістердің кезекті толқыны басталды. Бұған дейін біраз аудан, қала әкімдерін, басқарма басшыларын жаңартқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тағы да кадрлық жүріс жасады.
Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан ескертулерінен кейін Шымкенттің жаңа әкімі Ерлан Айтахановтың ауыс-түйіске батылырақ кірісетіні айтпаса да түсінікті еді.
Апта басында Ербол Садырдың Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалуы көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Бірақ мұны тосын тағайындау деп айтуға болмайтын шығар. Ербол Садырды енді қалалық әкімдіктегі ең ықпалды шенеунік, Айтахановтың ең сенімді кадры деп атауға әбден болатын сияқты. Неге дейсіз бе?
Жалпы Ербол Садыр қызметте жолы болғыш, сегіз сырлы, бір қырлы жігіт. Оны айтасыз, бір облыста бақандай алты жылдан астам уақыт бойы облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, төрт бірдей әкіммен шәй деспей жұмыс істеген шенеунікке «диірменнің тасынан да бүтін шығады» деген теңеуді жапсырсаңыз да артықтық етпейді. Ербол Садыр облыс әкімінің орынбасары қызметіне өліара шақта, дәлірегі 2013 жылдың мамырында облыста сыбайлас жемқорлықа қатысты тұтқындаулар жүріп жатқан кезде отставкіге кеткен Болатбек Әлиевтің орнына келді. Орынбасарлыққа осындай өрт үстінде келген Ербол Садырдың талай оттан аман шыққаны да рас. Екі-үш жыл бұрын Садырдың саласынан, дәлірегі, Түркістандағы интернаттың тәрбиеленушілері жаппай құрт дертіне шалдығып, оның соңы адам өліміне ұласқан. Егер басқа шенеунік болса, осыдан кейін сөз жоқ, қызметінен шеттетілер еді. Алайда «жолы болғыш» Садырды сол жолы отставкі сырт айналып өтті.
Кейбіреулер Ербол Садырдың облыстан Шымкентке ауысып келуінің себебін Айтахановтар әулетімен арадағы жақындықпен байланыстыруда. Ербол Садыр Айтахановтың туған перзенті болмаса да осы отбасымен бірге тұратын қызды алған дейді ел аузындағы әңгіме рас болса (бұл қыздың Айтахановтарға алыстан келмегені, жақындары екендігі айтпаса да түсінікті ғой). Кімнің кімге үйленетіні, кіммен бас қосатындығы әу бастан Алла тағаланың маңдайға жазған тағдыры ғой, әрине. Біреудің жеке өмірін қазбалап қайтеміз? Дегенмен кеше қыз берген Айтахановтардың енді күйеу балаға қызмет бергенін жоққа шығаруға болмайтын шығар.
Ербол Садыр еңбек жолын өзі туып өскен Созақ аудандық ауруханасында бастаған. 1995 жылдан бастап Созақ аудандық әкімдігінде қызмет еткен. Ал бұл жылдары Созақта Қуаныш Айтахановтың аудан әкімі болғаны белгілі. Білетіндердің айтуынша, Ербол Садыр Қуаныш Айтахановтың тәрбиесін көрген, болашақ сенатор зор сенім артқан кадрлардың бірі болған. Е.Садырдың сегіз сырлы, бір қырлы маман болып шығуының сыры да бәлкім осында болуы мүмкін. Ал енді Ербол Садырдың кіші Айтахановпен қаншалықты тіл табысып жұмыс істейтінін кім білсін? Не де болса Ербол Садырға ставка жасалды.
Қызметінде іскер, тәжірибесі мол Садырдың өзіне артылған сенімді ақтап шығуына, халықтың алғысын алып, абыройға бөленуіне шын жүректен тілектеспіз!
Айтпақшы, Ербол Әбілхайырұлы қала әкімінің орынбасары ретінде кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, туризм және цифрландыру мен табиғатты қорғау салаларына жетекшілік ететін болады. Яғни, ол жуырда Шымкенттен елордаға ат ауыстырған Данат Жуминнің орнын басты деген сөз. Бірақ алдағы күндері жаңа орынбасардың құзыры да, құрығы да ұзарып, экономика, қаржы сияқты майлы салаларды да өзіне қосып алатыны айтылуда.
Қаладағы тағайындаулар әлі жалғасып жатыр. Сейсенбіде «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің директоры-бас редакторы қызметіне «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда бойынша меншікті тілшісі Бақтияр Тайжан тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға қалалық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Бектаева әкеліп таныстырды. Жаңа басшыға жаңа қызметінде табыс тілейміз!
Жәнібек Тархан,
"Рейтинг" газеті, №31, 15 тамыз, 2019 ж