Бұған дейін, дәлірек айтқанда 2019 жылдың 10 желтоқсанында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде Кентау қаласында алдын ала бір жылдық атаулы әлеуметтік көмектердің төлегені хабарланған еді. Өңір басшысы бұған байланысты тексеру жүргізуді тапсырып, кінәлілер креслосымен қоштасатынын жеткізген. Бірақ, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндаған деректерді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр «өзіміз анықтағанбыз» деп отыр деп хабарлайды rgmedia.kz ақпараттық порталының тілшісі.
– Түркістан облысындағы бір жылдық төлемдерді анықтаған өзіміз. Оны алғашқы төлем кезінде базада кеткен кемшіліктер деп айтуға болады. Тағайындаған кезде толық түсінбей алғашқы кезде атаулы әлеуметтік көмекті бірден аударып берген. Оларды қайтару бойынша тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Шымкент қаласында да ондай фактілер болды. Бірақ, бір жылдық емес. Екі кварталын, бір-екі айын артық төлеген. Біз атаулы әлеуметтік көмек бір жылға тағайындалғанын ескеріп, артық төлегенін келесісінен қысқарттық. Ондай фактілер болды, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ақпараттық коммуникациялар орталығында берген брифингінде.
Айта кетейік, Ербол Әбілхайырұлы 2019 жылдың 12 тамызына дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. Сонда Әсия Темірбаева тамызда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып ауысып кеткен Е.Садырдың анықтаған фактілерін арада 4 ай (одан да көп болуы мүмкін) өткенде жариялады ма? Әлде, ол да өзі анықтады ма?