Үшінші мегаполиске қызыға қарайтындар жеткілікті. Бұл шаһардың 2200 жылдық тарихы бар болуымен қатар бүгінгі келбеті жаһандық сәулетке сай келеді. Сондықтан көне әрі «жас» қалаға инвестиция құюға ниеттілер артып келеді.
Таяуда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Германия Федеративті Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Маркерт Кристианамен кездесті. Кездесуде екі жақтың қарым-қатынасы мен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық ынтымақтастығы сөз болды.
Бұдан бөлек, тараптар Шымкент пен Германия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Германия арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарым-қатынас жоғары екенін айтқан қала басшысы Германия Еуропалық одақта Қазақстанның басты серіктесі болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, әкім Шымкенттің экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуеті туралы мәлім етті.
Бас консул өз кезегінде неміс компаниялары мегаполисті дамытуға арналған әртүрлі жобаларға қатысуға дайын екенін айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастық берік, әрі сенімді әріптес екенін жеткізді. Алдағы уақытта қала билігі де немістермен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін айтты.