Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қазақстандықтарға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан бүгінгі күні коронавирус індетінің таралуымен күресу мақсатында іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақыру туралы үндеу жасағаны белгілі.
Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық азаматтарды Елбасының үндеуіне нақты әрекеттермен жауап беруге және осындай қиын сәтте көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға шақырады.
Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірлердегі әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындарға, көпбалалы отбасыларға, әсіресе қарияларға медициналық қорғау маскаларын тарату бойынша «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Акцияға Қазақстан халқы Ассамблеясының меценаттары, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, еріктілер мен қайырымды жандар қатысты. Ортақ күш-жігердің арқасында бүгінгі күні 200-ден астам отбасына материалдық көмек және қолдау көрсетілді. Өңірлерде барлығы 63 000-нан астам бетперде таратылды.
Соның ішінде Шымкент қаласының ҚХА өкілдері тұрғындарға 7000 маска таратты. Еріктілер зейнеткерлерге, мүгедектерге және дәрі-дәрмекке мұқтаж басқа да адамдардың мекен-жайына дәрі-дәрмек құралдарын жеткізді. Сондай-ақ көшелерде, сауда орталықтарында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, медициналық мекемелерде және басқа да адамдар көп жиналатын жерлерде коронавирустан сақтану шаралары туралы жазылған ақпараттық парақшалар таратты. Қалалық Қазақстан Халқы ассамблея мүшелері бұл игі істі алдағы уақытта да жалғастырмақ ниетте.