Шымкенттегі №5 жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің шәкірттері медициналық бетперде тігіп жатыр. Вирустан қорғану құралы тапшы болған сын сағатында студенттердің бұл ісі - қауіпсіздік шараларының ең ізгісі. Білім ордасындағы шеберханада аз уақыттың ішінде 1 млн. 200 дана маска тігілуі қажет. Жұмыс қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қаулысымен іске асуда.
Тігінші, тоқушы, модельер пішуші мамандығын оқытатын колледждің 9 шеберханасында қазір медициналық бетперде тігу жұмыстары қарқын алған. Студенттер екі ауысымда 4 сағаттан артық тігіс тікпейді. Шәкірттердің қолынан шыққан қорғаныс құралының артықшылығы көп. Маскалар арнайы сараптамадан өткен. Көпқолданбалы. 16 қабаттан тұратын бетпердені жуып, үтіктеп қайта қолдануға болады.
Білім ордасының шәкірттері оқуды 60 пайыз өндірісте, 40 пайыз теорияда өткізеді. Демек, студенттер қазір практикада. Ел басына күн туған алмағайып кезеңде білім ордасының бұл ісі көңіл толтырып, көз сүйіндіреді. Қорғаныс маскасына қажетті материалдарды қаладағы «Экофарм» компаниясы жеткізіп береді. Дайын өнім халыққа тегін таратылады.
«Біздің маскаларды негізінен дәріхана қызметкерлері және халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлеріне тегін таратады»,- дейді №5 жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры Гүлмира Тағаева.
Айту керек, оқу ордасында короновирустың алдын-алу шаралары да қатаң қолға алынған. Есіктен кірген жан әуелі аяқ–қолын антисептикалық тазарту құралдарынан өткізеді. Ал, мейірбикелер болса, студенттердің дене қызуын арнайы құрал арқылы тексеріп кіргізеді.
Қазір колледж ұжымы күніне 60 мың дана бетперде тігіп жатыр.