Үшінші мегаполистен өзге де еліміздің қалаларына немесе аудан, ауылдарға жолаушылар тасымалданбайды. Себебі, Шымкент қаласынан індеттің таралуына жол бермеу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалааралық жолдарға қатынайтын автобустар тоқтатылып, автобекеттің жұмысы уақытша тоқтатылды.
Жолаушылар автобусына әр жақтан келген адамдар мінеді. Ал олардың денсаулығы қандай деңгейде екенін ешкім тексере алмайды. Әрі еліміздің түкпір-түкпірінен келетін қонақтардың да тиылуы да біршама пайдалы әрекет болып отыр. Шымкент қонақжай әрі шырайлы қала болғандықтан адамдарды тартады. Енді індеттің басқа да қалаларда таралыуына орай автобекеттерді толықтай жабу қолдау тауып отыр.
Еске салайық, 24 наурызда кешке Шымкент қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы адам анықталған. 24 жастағы жігіт 20 наурызда Нұр-Сұлтаннан Шымкентке автобуспен келгені мәлім. Бүгінде ауқастың жағдайы қанағаттанарлық және онымен байланыста болғандар да оқшауландырылған. Сондай-ақ, автобуста болған барша жолаушыларды іздестіріп, карантинге алуға тапсырма берілді.
Міне, аталған қауіпті инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында мамандар қала тұрғындарына сақтық шараларына мұқият болып, гигиеналық талаптарды сақтауға және мүмкіндігінше қоғамдық көлікпен сапарға шықпаған жөн деп кеңес береді.
Сонымен қатар, автобекеттердің уақытша жабылуына түсіністікпен қарауға шақырады.