Шымкент қаласындағы барлық балабақшалардың жұмысы тоқтатылады. Қауіпті індет жұқтырғандар шаһарда да пайда болуына орай әкім Мұрат Әйтенов мәлімдеме жасап, сақтық шараларына орай атқарылатын жұмыстарды атады.
«Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Баршаңызға белгілі ағымдағы жылдың 16 наурызында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында Төтенше жағдай жариялады. Сол уақыттан бастап Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың таралуын алдын алуға сәйкес бекітілген алгоритмдер бойынша жұмыс істеп жатыр. Өкінішке орай, қаламызда коронавирус індетін жұқтырған 2 азамат тіркелді. Қазіргі уақытта олар Шымкент қаласының жұқпалы аурулар емханасында оқшауланып, ем қабылдауда. Жағдайлары тұрақты.
Қазіргі таңда індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында үздіксіз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қауіпсіздік шараларының негізгі бағыттарына тоқталып өтсем:
Біріншіден, қалаға кіретін азаматтардың денсаулығын тексеруден өткізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кіре-беріс жол қақпаларға 12 санитарлық бекеттер қойылды. Бұған дейін теміржол вокзалы мен әуежай да санитарлық бақылауға алынған. Екіншіден, қаладағы базарларда, сауда орындарында, автобустарда, қоғамдық орындарда және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде дезинфекциялық жұмыстар күніне 2 рет жүргізілуде. Үшіншіден, барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді. Бетпердемен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірге күніне 100 мыңнан астам медициналық бетперделер тігіліп, қала аумағындағы базарлар мен дәріханаларға жеткізілуде. Сонымен қатар антисептик өнімдерін шығаратын Ордабасы индустриалдық аумағындағы кәсіпорын күніне 400 тонна залалсыздандыру өнімдерін шығаруда. Төртіншіден, қауіпсіздік мақсатында қала аумағындағы оқу орындарының барлығы демалысқа шығып, қашықтан оқыту жүйесімен жұмыс істейді. Ал 26 наурыздан бастап балабақшалардың барлығы жұмысын тоқтататын болады», - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.