Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, депутат Ермек Дәрменов пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев режимдік жұмыс барысында бетперде мен дизинфекциялық заттар шығаратын бес кәсіпорынды аралап, қолдау қажет етіп отырған мекемелердің қаржы немесе құжат рәсімдеу мәселелерінің шешу жолдарын қарастырды.
Қазіргі таңда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «АГФ групп» ЖШС кәсіпорны күніне 5000-ға жуық антиаллергенді маска тігіп, тұрғындарды бетперделермен қамтуды қолға алды. «Экофарм» ЖШС 1,5 млн медициналық маскаға жететін шикізатпен қамтамасыз етуге дайын, ал «ALATEX» фабрикасының өкілдері 70-ке жуық жұмысшымен күніне 100 мыңға дейін маска тігіп шығаруға мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Сондай-ақ, антисептик шығаратын кәсіпорын да өз өнімдерінің мөлшерін арттырып жатыр. Енді дәріханаларға түсетін көп реттік маскалардың қолжетімділігі мен бағасы бақылауға алынады.
Жалпы, үшінші мегаполисте 750 дәріхана бар. "Гаухар" тігін фабрикасы мен №5 колледж күніне 500 мың данаға дейін көп қолданыстағы бетперде тігуге қызу кіріскен. Қала дәріханаларында дәке мен бөзден тігілген 4 қабатты маска - 110 теңге, 8 қабатты маска - 130 теңге, 16 қабатты маска 200 теңгеден сатылымға шығуда.
Антисептиктердің бағасы 420 теңгеден болуы керек. Әр азаматқа 2 немесе 4 данадан ғана сатылуы тиіс. Егер осы белгіленген бағалардан ауытқушылық байқалса, қала әкімдігінің сайтына шағымдануға болады.