Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев Елбасының жарияланған мақаласына үн қосып, халыққа демеу білдірді.
«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарияланған "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласымен таныстым. Бұл Елбасының қашан да халқымен бірге екенін көрсетеді.
Тарихқа шегініс жасасақ, Елбасы тәуелсіз мемлекетімізді басқарған жылдары саяси, экономика, әлеуметтік салаларды жақсартуда көптеген бағдарламалар қабылдады. «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында көптеген кәсіпорын ашылды. Соның нәтижесінде әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдер шығарылып, елімізге жаңа технологиялар келді.
Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды.
Елбасы айтып өткендей, болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеруде көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді.
Қазіргі таңда коронавирус дертінің қатері Қазақстан ғана емес, бүкіл мемлекеттерге қауіп төндіріп отыр. Расында ТМД елдері арасында еліміз қауіпті дерттің алдын алуда алғашқылардың бірі болып кірісті.
Елбасы сындарлы уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қиындықтан шығуда атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, "Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тапсырмаларды үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Nur Otan партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуы тиіс" деп атап өтті.
Үшінші мегаполисте бұл тұрғыдан нақты жұмыстар атқарылуда. Жақында мәслихаттың кезекті сессиясында қала бюджетін 57 млрд 690 млн теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылдады. Қаражат жаңа жұмыс орындарын ашу мен отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетілуге жұмсалатын болады.
Ия, елімізде төтенше жағдай орын алып, тәртіп енгізілді. Елбасы келісімді, бірлікті сақтап, тәртіпке бағыну арқылы уақытша қиындықтан аман-есен шығатынымызды айтты.
Ендігісі халықтың қолында. Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн».