Төтенше жағдай кезінде Шымкенттегі құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Карантин жұмысқа қолбайлау болмауы керек. Барлық мүмкіндікті қарастыра отырып, жұмысты жүйелеген жөн. Қайта осындай сәтте өзге өңірлерден келіп, үйінде бос жатқан қолынан іс келетін мамандарды көптеп еңбекке тарту жағын қарастырған дұрыс. Дегенмен, азаматтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс.
Бүгін «Шымкент сити» шағынауданындағы салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын аралап көрген қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
Қазір жергілікті азаматтарды жұмысқа тарту бойынша өтімдер қабылданып жатыр. Оған қоса қалалық жұмыспен қамту орталығына жалпы қала аумағындағы құрылыстарға қажетті 443 құрылысшы маманға сұраным берілген.
Миллионды қала басшысы мердігерлерге қиын-қыстау кезеңде жұмыссыз жүрген азаматтарды құрылысқа тартуға шақырды. Дегенмен жұмысшылардың денсаулығын жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Мұрат Дүйсенбекұлы қазіргідей кезеңде көпшілікті өз денсаулығы үшін, қауіпсіздігін ескеріп, үйлерінде отыруға шақырды.
Төтенше жағдайға байланысты қаладағы құрылыс нысандарында бірқатар мамандарға сұраныс артқан. Атап айтқанда бетоншы, қыш қалаушы, сылақшы және қарапайым дәнекерлеуші. Қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамту орталығына сұраныс берілген.