"Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігі «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалымен бірге «Біз біргеміз!» акциясын өткізді.
Бұл туралы Шымкент қаласы және Түркістан облысының аумақтық кәсіподақтар орталығы бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов мәлімдеді.
Акция аясында қиын шақта күндіз-түні еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетілді. Тұрғындар қауіпсіздігі үшін Шымкент қаласынан шығатын жолдарғы блок-бекеттерде қызмет ететін медициналық қызметкерлерді ыстық тағаммен және сусынмен қамтамасыз етілді.
Кәсіподақ қызметкерлері осылайша жомарттық танытып, "Көксарай" мейрамханасына арнайы тапсырыс беріп, екі күн қатарынан 12 блок-посттың 160 қызметкеріне түскі және кешкі ас-ауқат үлестірді.
Сонымен қатар, кәсіподақ тарапынан 3 бірдей медицина мекемесіне қаржылай қолдау көрсетілді:
Шымкент қалалық №2 көпсалалы ауруханасына - 200 000 теңге, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталыққа - 300 000 теңге, ал қалалық жедел жәрдем станциясына 200 000 теңгелік сертификат табысталды. Бұл қаржыны медицина мекемелері коронавирусқа қарсы күресте бетперде мен санитарлық-тазалық құралдарына жаратты.
Бұдан бөлек, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Шымкент филиалына қарасты барлық 34 мекемесінің 130 медицина қызметкеріне 5000 теңгелік купон берілді. Бұл купондарға "Метро" сауда үйінен азық түлік алуға болады.
"Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері мұндай шаралар алдағы уақытта да жүзеге асатынын айтады.