Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 297 606 шақырымды құрайды. Оның 56,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Қаладағы жол сапасын дамыту мақсатында 417,6 шақырым жолды құрылыс-жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 25,6 млрд. теңге бағытталған. Оның 5,1 млрд. қаржысы республикалық қазынадан болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде.
Жақында қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы жүріп жатқан жол құрылысының жұмысымен танысқан болатын. Жауапты мамандармен жүздескен қала басшысы биыл 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық пайдалануға берілетінін жеткізді. Шаһар мэрі сондай-ақ Шымкент әуежайындағы жаңа терминал құрылысымен танысты. Мұндағы құрылыс бірнеше кезең бойынша жүруде. Барлық құрылғы заманауи үлгіде болады. Жолаушыларды өткізу және жүк қабылдау цифрлы түрде жүргізіледі. Одан кейін әуе кемелеріне арналған перронды кеңейту жоспарда бар. Терминалға апаратын жаңа жол мен инженерлік құрылым мен абаттандыру жұмыстары да бірге аяқталады, деп жоспарланған. Мердігерлермен жүздескен қала әкімі жүк тасымалдаушы көліктердің жүріп-тұруы үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. «Құрылысқа қажетті заттардың басым бөлігі отандық. Сондықтан сапасы жоғары болады», деп атап өтті компания өкілдері.