Бүгінде шымкент қаласында дезинфекциялық жұмыстар қарқыны қыза түсуде. Коронавирус пандемиясының таралмауын қадағалайтын шараның күнделікті орындалуы басты орында. Бүгінде қаладағы 13,8 млн. шаршы метрді құрайтын 1500-ге жуық көшені толығымен залалсыздандыру үшін 20 бағыттық кесте әзірленген. 32 техника жоспар бойынша күнделікті дезинфекция жұмыстарын атқаруда.
Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, қаланы дезифекциялау үшін 300-ден астам адам жұмылдырыпты. Басқарма басшысының орынбасары Болат Малимовтың айтуынша, Шымкентте бұл бағыттағы іс-шаралар карантин аяқталғанша жүйелі жалғасады.
– Жауапты мамандар гипохлорит кальций қоспасымен қала аумағын тазалап жүргендердің жұмысын күнделікті жүйелеп, үйлестіріп отыр. Бүгінде 200-ге жуық әскери қызметкер мен 100-ден астам жұмысшы қоғамдық орындар мен саябақтарды, аялдамаларды, аяқжолдарды залалсыздандыруға жұмылдырылған, - дейді Б. Малимов.
Сонымен қатар, қаладағы шағынаудандардағы қоқыс контейнерлері тұратын аумақтар мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, кіреберістерін дезинфекциялауға 20 сервитік компанияның 60 техникасы мен 600-ге жуық жұмысшысы тартылған. Қала сыртындағы 18 блок-бекетте хауыздарға арнайы қоспалар құйылып, санитарлық нормалардың талаптарын орындау бақылауға алынған. Бұл жағдайды блок-бекеттегі дәрігерлер мен сақшылар қатаң қарап, вирустың ауыздықталуына септігін тигізуде.