Аузында Алласы, жүрегінде иманы бар мұсылман баласы асыға күткен, бес парыздың бірі Рамазан айы да келіп жетті. Биыл ол 24 сәуірден басталады. Ораза ұстау – ішіп-жеуден тыйылу ғана емес. Ораза ғайбат сөздерге жол бермеу, өсек-аяңға жоламау. Ораза мұсылмандардың құлшылыққа ерекше ден қоятын мерзімі. Қасиетті айда ауыз бекіткен мұсылман күнәдан сақтанып, сабырмен сусындап, сауапқа кенеледі. Ал биыл Рамазан айы жылдағыдан өзгерек. Себебі, елімізде жарияланған төтенше жағдай оразаға да әсерін тиігізіп отыр. Яғни, енгізілген шектеулер қасиетті айда жасалатын діни жоралғыларды да айналып өтпейді.
Шариғат талабымен халықтың көп пайдаланатын төрт түрлі дәнді-дақыл бар болса, солардың ішіндегі ұнның бағасымен пітір-садақа мөлшерін бекітті. Жан басына шаққанда садақаның мөлшері 370 теңге болды. Адамдардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі болатынын ескеріп, бұл қатып қалған мөлшер екенін айта кеткен жөн. Мейіз немесе құрманың бағасымен берсе де болады. Үйден шығу шектеліп, пандемияны жұқтырып алудан қорыққан халыққа жағдай жасап, пітір-садақаны мешітке келмей берудің тиімді жолын да қарастырылды. Қазіргі таңда халық көп қолданатын Kaspi.kz қондырғысы баршаңызға мәлім.
Бас мүфти алдын-ала «Каспи банк» өкілдеріне өтініш жазған еді. ҚМДБ-ның төралқа мәжілісі болып, онлайн режимде аталмыш банк өкілдері өтінішке құлақ асып, бір аптаның ішінде қондырғыда арнайы батырма пайда болды. Онда әр облыстың, қаланың есепшоты көрсетіледі. Міне, сол смартфондағы каспи арқылы жан садақасын, зекет, фидияны беруге мүмкіндік туып отыр.