Бүгінде қатаң қауіпсіздік шаралары ең алдымен індеттің таралуына жол бермеуге және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге бағытталған. Бұл туралы Шымкенттегі полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетов айтып түсіндірді.
Төтенше жағдай кезеңінде, қойылған шектеулер мен санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 869 тұлғаға ӘҚБтК-нің 476-бабымен әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 354-і бойынша Мамандандырылған әкімшілік сотымен шешім қабылданып, 76 жайт бойынша тұлғалар әкімшілік қамауға алынған, 127 тұлғаға айыппұл салынған, 151 тұлғаға ескерту берілген. Сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде 6 қылмыстық іс тіркелген.
Брифингте Ералы Мұсаәліұлы қалада рұқсат алған автокөліктердің иелері және азаматтардың басым бөлігі төтенше жағдайға немқұрайлы қарап жатқанын да тілге тиек етті.
- Мониторинг жүргізу барысында көшеде бейберекет жүргендер, көпқабатты үйлердің ауласында балалары бетпердесіз және ата-ана қарауынсыз жүргендері анықталуда. Осы орайда, қала тұрғындарына айтарымыз, полиция тарапынан айтылған талаптарды орындауға шақырамын. Қабылданып жатқан шаралар ең алдымен індеттің таралуына жол бермеуге және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге бағытталған. Азаматтардың тарапынан құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік шара қолданылады. Сын сағатта бірлесе отырып, күш-жігерімізді жұмылдырсақ, бұл індетті жеңіп шығамыз, - деді Е. Жұмаханбетов.