Көпір – қаланың күретамыры екені рас. Осы орайда үшінші мегаполистегі Бадам өзеніндегі көпірді қайта құру жұмыстары қарқынды жүруде.
2019 жылдың қараша айында Шымкент қаласы аумағындағы Қорғас - Алматы - Шымкент - Өзбекстан Республикасының шекарасы А-2 автомобиль жолындағы Бадам өзенінен өтетін көпірдің бір бөлігі пайдалануға берілген болатын. Көпірдің жалпы ұзындығы 144 метр болса, жүріс бөлігінің ені – 11,5 метр және жалпы ені 28,2 метрді құрайды. Құрылыстың жалпы құны 1 миллиарл 800 миллион теңге.
Көпір екі бөліктен тұрады, бір бөлігінің құрылысы өткен жылы аяқталып, қазіргі таңда ел игілігіне берілген. Көпірдің екінші бөлігінде екі жағалауындағы және екі аралық қадалар құйылды. Биылғы 15 мамырға дейін үш аралық қадалар аяқталады.
Жоспар бойынша көпір құрылысы толығымен 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған.
Еске сала кетейік, осыдан екі жылдай бұрын мамандар 1960 жылдары салынған көпірді шұғыл түрде жөндеу қажеттігін айтқан болатын. Тоғыз жолдың торабын қосатын көпір арқылы барлық транзитті көлік қатынайтын болғандықтан, өткелдің әбден тозығы жеткен еді. Өткен жылы көнерген көпірдің жаңарып, кеңейгеніне тұрғындар дән риза болған.
Қазір Өзбекстанмен барыс-келіс артып келеді. Бұл жоба екі алып мегаполис – Шымкент пен Ташкент арасын жақындатуға да зор сеп болмақ.