Биыл үшінші мегаполисте жол жөндеу жұмыстары қыза түсті. Қаладағы жөндеуді талап ететін көшелер құрылыс заттарына толы болып отыр. Енді ТМД елдерінің мәдени астанасының келбеті көркейе түсетін болды. Осыған орай, Шымкент қаласының жолдарын орташа және күрделі жөндеуден өткізу жобасына биыл жалпы көлемі 27 млрд. теңгеге жуық қаржы бағытталған.
Сонымен қатар, 256 нысанда құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, 240 нысандағы жұмыстар биыл толықтай аяқталып, пайдалануға тапсырылатын болады. Бұл ғимараттар қаланың ажарын аша түсіп, ерекше көрік сыйлайды деп күтілуде. Аталған жобалардың ішінде қаланың негізгі даңғылдарын орташа және күрделі жөндеу жұмыстарынан бастап шалғай елді мекен көшелерін асфальттау сонымен бірге жеті көпір мен бір жер асты өткелінің құрылысы да бар.
Биыл автомобиль жолдары саласында қамтылатын 256 нысанның жалпы ұзындығы 417 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда, аталмыш жобалардың 94-де құрылыс монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қайрат Баймендиев БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында мәлімдеді.