Шымкентте «103» жедел медициналық қызметін жаңғырту» жобасы іске асырылуда.Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиевтің қатысуымен өткен селекторлық жиында белгілі болды.
Айта кету керек, министр Шымкентте цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Қаладағы цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр денсаулық сақтау саласында медициналық мекемелер жыл соңына дейін 100% компьютерлік техникамен қамтылатынын жеткізді. Оның айтуынша, мегаполисте «103» жедел медициналық қызметін жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Жоба негізінде маусым айында тұрғындарға дер кезінде көмек көрсету, қоңырауларды үзіліссіз қабылдау үшін Call-орталық құру көзделіп отыр. Сонымен қатар, әкімдік тарапынан көрсетілетін 160 мемлекеттік қызметтің 141-і автоматтандырылған, бұл 88,1%-ды құрайды.
Сондай-ақ үшінші мегаполисте «Қаланы басқару» саласы бойынша «109» мониторинг және жедел ден қою қызметі» ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін қолданысқа енгізілетін болады. Және Шымкентте «Ақылды қалалар» эталондық стандарты мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 негізгі саладан тұратын тұжырымдама жүзеге асырылып жатқанын айтқан қала әкімі М.Әйтенов, бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жалғасатынын атап өтті.