Жыл басынан бері Шымкентте 4 мың тоннадан астам ет, 7 399 тонна сүт өндірілген. Осы бағытты дамытуға мемлекеттен 2,3 млрд теңге бөлініп жыл соңына дейін өнім көлемін арттыру көзделуде. Бүгіннің өзінде жаңа жобалар жүзеге асуда.
Еңбекші ауданы Абдулабад тұрғын алабындағы «Зертас» ШҚ-нің сүт фермасы былтыр іске қосылған. Серіктестік егесі Австрия елінен 128 бас сүтті-етті бағыттағы «Симменталь» тұқымды сиыр сатып алған. Бұл ірі қара тұқымы жылына 300 күн сүт береді.
«Тәулігіне 3,5 тонна сүт аламыз. Бағасы ойнап тұрады, күн ысыса сәл түседі. Фудмастермен байланыста жұмыс істеп жатырмыз»,- дейді «Зертас» ШҚ төрағасы Ержан Нұрбеков.
Қожалық төрағасы жыл соңына дейін мал басын 300 ге жеткізуді көздеп отыр. Сиырлардың жем-шөп мәселесіде шешілген. Жалға алған 200 гектар жерге қара бидай, 100 гектарға жүгері дәні себілген. Оны егеруге техника сақадай сай тұр.
«Сүт алу үшін жүгері сиырдың ең керек тамағы. Қазірде сүт шаруашылығымен айналысамыз деп келіп жатыр. Фермаларға ең керегі жер. Сол мәселе шешілсе тағы сүт шаруашылығын көбейтеміз деп отырмыз»,- дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Жәнібек Тоғайұлы.
Биыл шымкентте мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жыл соңына дейін 1,5 млн литр сүт, 40 млн дана жұмыртқа, 2200 тонна ет өндіру жоспарланған. Жаңа жобалар іске қосылса 210 адам жұмыспен қамтылады.