Қазіргі таңа коронавирус пандемиясы өршіп тұрған уақытта 50 жастан асқан кісілердің далада жүрмегені абзал. Сол үшін де Шымкенттегі көші-қон қызметі басқармасы мен халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінен құрылған мобильді топ Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерінің үйіне дайын жеке куәліктерін алып барып, заңдастырып берді. Карантин кезінде үйде отырған қариялардың жағдайын жасап, құжат жағынан көмек беріп, игі істер жасады.
Төтенше жағдай режимі кезінде және ол аяқталғаннан кейін күнтізбелік 60 күн ішінде мерзімі өткен немесе өтетін жеке басты куәландыратын құжаттардың республиканың аумағында жарамды деп тану туралы ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №283 қаулысы қабылданған болатын. Ал енді бір айдан соң көші қызметі мәселені туралауға жәрдемдесіп отыр.
Осы орайда, Шымкент қаласының Полиция департаментімен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының Полиция басқармаларының мамандарымен бірлесіп, жүріп-тұруы қиын азаматтар мен қарттардың үйіне барып, құжаттарын жаңартуға қызмет көрсетуін жалғастыруда.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 348 азаматқа Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі ресімделіп, дайын құжаттары берілді. Бұл карантин уақытында үйде отырған қариялар үшін таптырмас жағдай. Шымкенттегі билік өкілдері осы мәселені назардан тыс қалдырмай отыр.