Үшінші мегаполисте бүгінгі таңда пневмония дерті күшейіп, аурухана тапшылығы қозғала бастаған еді. Басышылықтың дер кезінде атқарылған шараларына орай қалада провизорлық стационарлар ашылып, адамдарды қабылдау жүріп жатыр. Шымкентте бүгін провизорлық стационарлардың саны тағы бір нысанмен толықты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр әлеуметтік парақшасында жеткізді.
– Бұрынғы студенттерге арналған Нұрсәт және Гиперхаус сауда орталығының жанындағы жатақханада 350 төсек-орын провизорлық стационар ашылды.
Бір тәуліктің ішінде қажетті кислородтық жастықтар, ИВЛ аппараты, рентген аппаратпен және өзге де қажетті медициналық құралдармен жабдықталды. Және медицина мамандары тартылды, – деді Ербол Садыр.
Қазіргі таңда, провизорлық стационарда халыққа жедел жәрдем көрсетілуде.
Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес бүгін қаладағы барлық емханалар демалыс күніне қарамастан келушілерге емдік шараларын жүргізуде.
Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Рустам Албаевтың айтуынша, қалада коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан 2084 науқас тіркелген. Оның 45 пайызы – симптомсыз. Провизорлы стационарлардың төсек қоры 89 пайызға жүктелген. Ал дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар.