Бүгінгі таңда еліміздің басынан ауыр сынақтар өтуде. Коронавирустан дүрліккен жұртты енді пневмония қорқытып отыр. Осы тұрғыда қалада бірқатар провизорлық стационарлар арналып, дәрі-дәрмектер уақытылы жеткізілуде. Сонымен қатар, бүгінде алдыңғы шепте жүрген азаматтардың қатарында дәрігерлер бар. Шымкент қаласында індетпен күресуде медицина ұйымдарына қосымша медицина қызметкерлерін қабылдауда.
– Шымкент қаласы әкімі М.Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, қаладағы медициналық ұйымдарды қосымша дәрігерлермен, медбикелермен қамтамасыз ету жөнінде жұмысшы топ құрылып, жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге Шымкент қаласындағы медицина академиясынан 84 резидент тартылуда, - деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр.
Қазіргі таңда, жұмысқа тартылған резиденттердің: жалпы тәжірбелік дәрігері - 31, инфекционист - 8, педиатр - 4, кардиолог - 3, хирург - 9, невропатолог - 7, терапевт маман - 7.
Сонымен қатар, қаладағы 4 медициналық колледжден 116 медбике жаңадан ашылып жатқан провизарлық және күндізгі стационарларға қабылдануда.
Қазіргі таңда індет өршіп тұрған уақытта дерттің дауасын табу үшін дәрігерлер тынбай еңбек етуде. Өз бастарын қатерге тігіп, қала тұрғындарына көмек көрсетуде.