Денсаулығы күрт нашарлаған науқастарды дәрігерлер емдеудің барлық амалдарын қарастыруда. Медицина мамандары халықты дерттен аман алып қалу мақсатында барынша қызмет атқарып жатыр. Қаладағы кардиологиялық орталықта пневмонияға шалдығып, денсаулығы күрт төмендеген науқастарды экстракорпоральді мембраналы оксигенациялық (ЭКМО) аппаратына қосып емдеуде. Мамандар бұл құрылғыны ӨЖЖ аппаратына қосымша көмек ретінде науқастарға қосуда.
– ЭКМО аппараты – өкпе қабынып жұмысы қатты нашарлаған кезде қанды оттегімен қамтамасыз етеді. Яғни, адамның күре тамырларынан арнайы түтікшелер арқылы аппаратқа қосып, ЭКМО-ға құйылған қанға қажетті деңгейде оттегі беріледі. Сосын қайта адам ағзасына жіберіледі. Осының арқасында қан айналымы жақсарады. Аталған құрылғы науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді, - дейді Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаев.
Күні бүгінге дейін бұл аппаратқа 5 науқас қосылыпты. Қазір бір науқастың денсаулығы жақсарған. Дәрігерлер енді бір жетіде үйіне қайтаруды жоспарлап отыр. Пневмонияның ел арасында кеңінен таралуына орай ЭКМО орталығында 35 төсек-орын дайындалған. Қазір онда науқастар ем алуда.
Қазіргі кезде пандемияның келесі толқынына дайындық жасау үшін арнайы жоспар құрылған. Қаладағы инфекциялық, провизорлық стационарларда реанимациялық және интенсивті терапиялық төсек - орын саны 151-ден 330 орынға дейін ұлғайтылып, олар толық ӨЖЖ аппаратымен қамтылатын болады. Оттегімен қамтылған төсек - орын саны 1,5 есеге дейін көбейтіліп, 1200-ге дейін жеткізіледі.